АСТАНА, 12 мамыр - Sputnik. Қазақстанның батысында ежелгі Сарайшық қалашығын су тасқынының екінші толқынынан құтқарып жатыр, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев Махамбет ауданының әкіміне ежелгі Сарайшық қалашығы маңындағы Жайық өзенінің бойындағы бөгетті тағы да қосымша көтеруді тапсырды.
"Біздің тарихи мұрамызды қорғауға және сақтауға жауапкершілікпен қарау қажет", — деп тапсырды Бозымбаев.
Үкіметтің баспасөз қыметінің мәліметінше, вице-премьер Қанат Бозымбаев Атырау облысы Индер ауданының Индербор, Жасуат, Құрылыс ауылдарында, сондай-ақ Махамбет ауданына қарасты Махамбет, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарында жағалауды нығайту жұмыстарын тексерді.
"Өңірде су тасқыны қаупі сақталып тұр. Жайық-Индербор және Жайық-Махамбет гидробекетінде су деңгейі қауіпті белгіден асып түсті. Жайық өзенінде судың одан әрі көтерілуі күтілуде", - делінген хабарламада.
Барлық қауіпті учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Табиғи апатпен күреске жергілікті тұрғындар, еріктілер және әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері белсенді түрде атсалысуда.
Индер ауданында жер бөгеттерінің жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды.
"Махамбет ауданында Жайық өзенінің бойында 17 елді мекен орналасқан. Оларды қорғау үшін 80 км жағалауды нығайтатын бөгеттер салынды", - деп хабарлады үкіметте.
Ауданда бөгеттердің жалпы ұзындығы 105,8 км құрайды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда, оларға 130 арнайы техника, 650 әскери қызметші, 200-ден астам ТЖ қызметкері, 300-ге жуық ерікті мен жергілікті тұрғындар тартылды.