АСТАНА, 12 мамыр – Sputnik. Kozybayev University АҚШ және Қытай жоғары оқу орындарымен халықаралық су ресурстары ғылыми орталығын ашады, деп хабарлайды ңылым және жоғары білім министрлігі.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің агротехнологиялық факультеті Аризона университетімен (АҚШ, Туксон қаласы) және Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен (ҚХР, Янлин қаласы) Халықаралық су ресурстары ғылыми орталығын құру туралы үшжақты меморандумға қол қойды.
Серіктес университеттер климаттық жағдайлары ұқсас (жауын-шашын деңгейі төмен) аймақтарда орналасқан. Осылайша ынтымақтастық шеңберінде ғалымдар ауыл шаруашылығы мен қалалық агломерациялар үшін су ресурстарын пайдаланудың ұтымды технологияларын әзірлейді.
"Климаттың өзгеруі мен су тапшылығын зерттеу басымдықтарға ие. Атап өтсек, су ресурстарын басқарудың экономикасы мен менеджменті; ауыл шаруашылығында суаруды пайдалану, гидрология және су инженериясы, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды интеллектуалды суару; суды тазарту, рециркуляция, микробиология, су қауіпсіздігі, суды ластаушы заттарды талдау, сәйкестендіру және жою", - деп атап өтті агротехнологиялық факультеті деканы Алтын Шаяхметова.
Осы ынтымақтастық перспективасында барлық қатысушы елдердің су индустриясы үшін кадрларды бірлесіп даярлау мүмкіндігі де қарастырылады. Орталық жұмысы аясында шетелдік университеттер ғалымдары делегацияларының Петропавлға алғашқы сапары маусым айына жоспарланған.