АСТАНА, 12 мамыр – Sputnik. Алматы облысында жүк көлігінің жүргізушісі полициядан қашып, қатты жылдамдықпен автобус аялдамасына соғылды. Екі адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
12 мамырға қараған түні Байсерке ауылында патрульдеу кезінде "Бүркіт-35" экипажы ЗИЛ-131 автокөлігін байқап қалған. Көлік жүргізушісі мас болған. Полицейлер оны тоқтатуға тырысқан. Бірақ ер адам тоқтамай, көлікпен қаша жөнелген.
"Ол қатты жылдамдықпен автобус аялдамасына кіріп кеткен. Аялдамада тұрған екі адам оқиға орнында көз жұмды, үшеуі түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жатқызылды", - дейді тәртіп сақшылары.
Медициналық сараптамаға сәйкес, 49 жастағы ер адам орта дәрежеде мас болған. Қазіргі кезде ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.