АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Құжатқа сәйкес, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің критерийлерін әзірлеуді және олардың тізбесін қалыптастыруды қамтамасыз ететін Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис құрылады.
"Екіншіден, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ мен оның еншілес компанияларында корпоративтік басқарудың дербестігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ олар жүзеге асыратын сатып алу процестерін жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылған", - деп жазылған хабарламада.
Тауарлар нарығындағы бәсекелестікті дамыту үшін бірқатар нақты шараны іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ бизнес ашу және жүргізу үшін реттеу саясатын одан әрі жетілдіру және рәсімдерді ырықтандыру шаралары ұсынылады.
"Тұтынушылардың квазимемлекеттік ұйымдар көрсететін коммерциялық қызметтерге қолжетімділігін, техникалық шарттарды алу және инженерлік желілерге қосылу рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру (цифрландыру) көзделеді", - делінген хабарламада.
Жарлықта бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, соның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс санатынан алып тастау, мемлекеттік органдар бастамашылық ететін тыйым салу-шектеу шараларын прокурорлармен келісу және басқа да рәсімдер арқылы күшейтуге бағытталған іс-шаралар кешені жеке блок ретінде берілген.
Жарлықтың жүзеге асырылуы экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жедел түрде қысқартуға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік үшін экономикалық кеңістікті ұлғайтуға қосымша серпін береді.