АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. Шымкент және Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлады Көлік министрлігі.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып қалды. Құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі аяқталғаннан кейін жаңа терминалдар халық игілігіне пайдалануға беріледі.
Жаңа жолаушылар терминалдары жеке инвестициялар есебінен салынып жатыр.
"Мәселен, Шымкент қаласы әуежайы жаңа терминалының қызмет көрсету аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. Ал өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 миллион жолаушыға дейін ұлғаймақ", - делінген хабарламада.
Мұнда багажды тіркеу мен өңдеудің автоматтандырылған жүйесі, телескопиялық траптар және т.б. қызмет түрлері қарастырылған.
Қызылорда әуежайы жаңа терминалының жалпы ауданы 7,5 мың шаршы метрді құрайды. Терминал қолданысқа тапсырылған соң өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 2 миллион жолаушыға дейін артады.
Жаңа жолаушылар терминалы сапа мен қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сәйкес. Бұл халықаралық рейстердің ашылуына ықпал етпек.