Сербия Қазақстанға 1 млн еуро көлемінде көмек берді

Бұл ақшаға су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде баспана салынады
Sputnik
АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. "Қазақстан халқына" қорының есепшотына Сербия үкіметінен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде үй салуға 1 миллион еуро түсті, деп хабарлады ortcom.kz.
"Бұл жәрдем екі ел арасындағы ынтымақ деңгейін көрсетеді және шетелдік донорлардың біздің қызметімізге сенімі мен көмекті бөлудегі ашықтықты паш етеді", - деді қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
2024 жылдың 6 мамырында екі елдің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич телефон арқылы сөйлескен болатын. Президенттер екіжақты ынтымақтастықты жандандыру, бұрын қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру және Қазақстан президентінің Белградқа алдағы сапарын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Қазақстан 2014 жылы алапат су тасқынына байланысты Сербияға шатыр, дәрі-дәрмек пен ең қажетті заттарды жіберіп, гуманитарлық көмек көрсеткен еді.
Жалпы, 10 мамырдағы жағдай бойынша табиғи апаттан қираған тұрғын үйлерді салуға қордан бөлінген 10 миллиард теңгеден бөлек қосымша 5,3 миллиард теңге жиналды.