Ақтөбе облысында жалғыз ардагердің үйіне күрделі жөндеу жүргізіледі

Sputnik
АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. Ақтөбе облысында Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері Василий Грецкийдің пәтеріне күрделі жөндеу жасауға шешім қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Облыс әкімі Асхат Шахаров ардагерге өзі барып, баспананы толық жөндеуді растайтын куәлікті тапсырды. Ғасыр жасаған қарияға президенттің құттықтау хаты да табысталды.
Василий Иванович Грецкий 1924 жылы Беларусь елінде дүниеге келген. Ал соғысқа дейін Жамбыл облысында тұрған. 1942 жылы әскерге шақырылып, бір жылдан кейін майданға жіберілген. Ол украин және Беларусь майдандарында 8-ші полктің бірінші атты әскер корпусының құрамында соғысты. Үш рет жарақат алды. Жеңісті Берлиннен 75 шақырым жерде орналасқан ауруханада атап өтті. Осыдан кейін олардың полкі Орал қаласында орналастырылды. 1946 жылы алған жарақаттарына байланысты әскерден босатылды. Қазіргі кезде Хромтау ауданында тұрады.
Майдангер жауынгерлік еңбегі үшін "Қызыл жұлдыз" және II дәрежелі "Отан соғысы" ордендерімен марапатталды. Көптеген әскери наградалары бар.
Ақтөбе облысынан II Дүниежүзілік соғысқа 122 мыңнан астам адам шақырылып, оның 36 мыңнан астамы ерлікпен қаза тапты. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұдан бөлек, тағы 9 адам "Даңқ" орденінің толық кавалері болды. Олардың қатарында аты аңызға айналған мерген қыз Әлия Молдағұлова да бра. Келесі жылы оның туғанына - 100 жыл.
Бүгінде Ақтөбе облысында көзі тірі жалғыз ардагер Василий Грецкий ғана қалды. Тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреп барады, 2280 адам бар. Олардың барлығына тиісті қолдау көрсетіледі.