АСТАНА, 9 мамыр – Sputnik. Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 79 жыл толып отыр. Бұл Қазақстанның тарихында айрықша орны бар мереке.
Ұлы Отан соғысы кезінде қан майданға қазақ жерінен 1,5 миллионға тарта адам аттанған. Барлығы 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және қарулы күштер мен әскер түрлерінің әр саладағы жеке полктері мен батальондары жасақталды. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанкештілікпен қорғап, Украина мен Беларусь, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты. Қолына қару алған әрбір екінші отандасымыз Жеңіс үшін жанын пида етті. 600 мыңнан астамы отанына оралған жоқ.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін мыңдаған қазақстандық медаль және орденмен марапатталды. 500-ге жуық адам Кеңес одағының Батыры атағына ие болды, төртеуі екі рет батыр атанды. 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
Жеңіс күні Қазақстанда мемлекеттік мейрам ретінде аталып өтеді. Жылдағы дәстүрге сай мереке қарсаңында және 9 мамырда бүкіл өңірде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіледі. Мәдени-бұқаралық шаралар, соның ішінде концерттер, экспозияциялар мен көрмелер ұйымдастырылады. Барлық аймақта мемориалдар мен ескерткіштерге гүл шоқтары қойылады. Халық батырлардың рухына тағзым етеді.
Соғыс ардагерлеріне біржолғы төлем
Елімізде Жеңіс күніне орай жыл сайын соғыс ардагерлеріне ақшалай қолдау көрсетіледі. Игі дәстүр биыл да жалғасын тапты.
2024 жылы ҰОС ардагерлеріне 1,5 млн теңгеден 3 млн теңгеге дейін біржолғы әлеуметтік төлем төленеді.
Ең жоғары төлем мөлшері – Ақмола облысында. Қазіргі таңда облыста 6 ардагер тұрады. Ақмолалық ардагерлерге осы жылы 3 млн теңгеден беріледі.
Екінші орында Қызылорда облысы тұр. Бұл өңірде Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлеріне 2,5 млн теңгеден төленеді.
Айта кетері, Қызылорда облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ең үлкені – 102 жаста.
Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды облыстары қарияларға 2 млн теңгеден береді.
Ал қалған өңірлерде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1,5 млн теңгеден аударылады.
Бұдан бөлек, тыл еңбеккерлеріне, соғыс ардагерлерінің жұбайлары мен концлагерь зардабын көрген адамдарға да материалдық көмек жасалады.
Қазақстандықтар демалады
Жеңіс күні мемлекеттік мереке болғандықтан, ел халқы 9 мамырда демалады.
Биыл бұл дата бейсенбіге түсіп тұр. Үкімет жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында демалыс күнін 4 мамыр сенбіден 8 мамыр сәрсенбіге ауыстырды.
Осылайша қазақстандықтар 4 мамырда жұмыс істеп, 7, 8 және 9 мамыр – үш күн қатарынан демалады.