АЛМАТЫ, 8 мамыр - Sputnik. Тәуелсіздік жылдары қызмет бабында ішкі істер органдарының 800-ден астам қызметкері көз жұмған, деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданы Ішкі істер басқармасының аға инспекторы Анатолий Добрынин. Ол 1993 жылы полиция ғимаратына жасалған қарулы шабуылға тойтарыс беру кезінде қаза тапты. Қасындағы әріптесі Серік Оразалинмен бірге қаскөйлерге қарсы тұрып, табельдік қаруды басып алуға жол бермеді.
"Екі офицердің әрекеті жоғары бағаланып, мемлекеттік наградалар өз батырларын 31 жылдан кейін тапты. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Архивтерді зерделейміз. Ерліктері бағаланбай, көлеңкеде қалып қойған батырлардың есімдерін ұлықтайтын боламыз!", – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Марқұм Анатолийдің марапатын – “Ерлігі үшін” медалін бауыры Юрий Добрынин алды. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.