Су тасқыны болған өңірлерде құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр

Атырау облысының Құлсары, Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласы су басқан үйлердегі суды тәулік бойы сору жұмыстары жалғасуда
Sputnik
АСТАНА, 7 мамыр – Sputnik. Бір тәулікте Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында 704 тұрғын үй мен 219 аула аумағынан су бұрылып, сорылды, деп хабарлады Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі.
Барлығы 130 227 текше метр су сорылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Асқар Шәріп Алматы, Абай, Қостанай, Павлодар облыстарының құтқарушылары жұмыс істеп жатқанын айтты.
Атырау облысы Құлсары қаласындағы құтқарушылардың күнделікті жұмысы
Оның айтуынша, Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Жайсаңбай, Құйылыс ауылында жағалауды бекіту жұмыстары және Торғай өзенінің су деңгейін сағат сайын бақылау жұмыстары жалғасуда. Бір тәулікте 4600 қап пен 710 тонна инертті материал төселді.
"Бір тәулік ішінде Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында Төтенше жағдайлар министрлігінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімшелері су басқан 97 үйді залалсыздандырды", - деді ол.
Атырау облысының Құлсары мен Жылыой ауданында су басқан екі көпқабатты тұрғын үй мен аумаққа өңдеу жүргізілді, деп мәлімдеді Шәріп.
Құтқарушыларға әскерилер де қосылып, олар Орал қаласының маңындағы жалпы аумағы 65,2 гектарды құрайтын су басқан аумақтарды тазартты.
Республика бойынша 9660 тұрғын үй мен 3213 аула аумағынан су бұрылып, сорылды. 16,2 млн текше метр еріген су сорылды. 50 467 адам үйлеріне оралды. 5 447 адам уақытша орналастыру орталықтарында қалды.
Су тасқынына қарсы жұмыстарға 11 458 адам мен 1 289 техника, 329 су сору техникасы және 68 жүзу құралы, 6 ұшақ жұмылдырылған, деп хабарлады ТЖМ.