Рейхстагқа ту тіккен: Астанадағы мектепке Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді

Сондай-ақ мектепте батыр атындағы алғашқы әскери-технологиялық даярлық сыныбы ашылды
Sputnik
АСТАНА, 7 мамыр – Sputnik. Отан қорғаушы күні мен Жеңістің 79 жылдығы қарсаңында Астана қаласындағы № 44 орта мектепке Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді.
Астанадағы мектепке Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді
Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Астана қаласы білім басқармасының өкілдері, Қарулы күштердің, Ауған соғысының ардагерлері, мектеп басшылары мен оқушылары және Рақымжан Қошқарбаевтың туыстары қатысты.
Астанадағы мектепке Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев биыл Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа ту тіккен батыр, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы екенін еске салды.
"Даңқты батырдың есімін алу құрметті әрі жауапкершілігі жоғары", – деп атап өтті ол.
Астанадағы мектепке Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді
Айта кетері, мектепте Рақымжан Қошқарбаевтың мемориалдық тақтасы мен батыр атындағы алғашқы әскери-технологиялық даярлық сыныбы ашылды.
"Біз атамыздың есімін мектепке бергеніне қуаныштымыз. Ол кісінің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Көзі тірісінде ол соғыс туралы айта бермейтін. Әрқашан бейбітшілікті тіледі. Біздің көк туымыз әрдайым желбірей берсін", – деді Рақымжан Қошқарбаевтың немересі Маржан Нұрмағамбетова.
Іс-шара соңында құрмет қарауыл ротасы қару-жарақпен дефиле көрсетті, ал оқушылар Рақымжан Қошқарбаевтың өмірінен көріністер сахналады.