АСТАНА, 7 мамыр – Sputnik. Қытай украин қақтығысын реттеу бойынша келіссөздерді жеңілдету үшін Ресеймен, Украинамен және халықаралық қоғамдастықпен тығыз байланыста, деп мәлімдеді Қытайдың Мәскеудегі елшісі Чжан Ханьхуэй РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында.
"Украина мәселесінде Қытай тарапы әрқашан бейтараптылық ұстанып, бейбітшілік пен диалогтың жағында болды. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин "төрт қағида", "төрт ортақ сипат" және "ойлануға арналған үш тақырып" ұсынып, бұл Украина дағдарысын саяси реттеудегі Қытайдың негізгі қағидаттарына айналды", - деді елші.
Оның айтуынша, "дәл осы идеяларды ұстана отырып, Қытай барлық тараппен, соның ішінде Ресеймен, Украинамен және халықаралық қауымдастықпен тығыз байланыста болып, дағдарысты шешуде сындарлы рөл атқарып, татуласу мен келіссөздерге жәрдемдеседі".
Ол жақында Қытай үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэй Ресеймен, Украинамен және Еуропаның тиісті мемлекеттерімен атысты тоқтатуға қалай қол жеткізуге болатыны туралы терең пікір алмасқанын айтты.
"Барлық тарап Қытайдың күш-жігерін және оның медиациядағы әділ ұстанымын жоғары бағалайды. Олар Қытайдан конструктивті рөл ойнайды деп күтеді және Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде Ресей, Украина және басқа да елдер арасында делдал болуға, тараптар ақпарат тасымалдай отырып, келіспеушіліктер сақталған кезде ортақ көзқарастарды алға тартуға және бейбіт келіссөздер үшін қолайлы жағдай жасауға қабілетті екенін бірауыздан мойындайды", - деді қытайлық дипломат.
Өткен жылдың ақпанында Қытай билігі Мәскеу мен Киев арасындағы қақтығысты реттеуге қатысты позициялық құжат жариялады. Ол құжатта 12 тармақ, соның ішінде атысты тоқтатуға шақыру, барлық елдің заңды қауіпсіздік мүдделерін құрметтеу және Украинадағы гуманитарлық дағдарысты шешу бар.