Ақмола облысында баспанасыз қалғандар 15 тамызға дейін үйіне кіруге тиіс – Бозымбаев

Ал автожолдарды, көпірлер мен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары шілде айында аяқталуы керек
Sputnik
АСТАНА, 7 мамыр – Sputnik. Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақмола облысының баспанасыз қалған барлық тұрғынын тамыз айының ортасына дейін қоныстандыруды тапсырды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Ақмола облысында барлығы 1817 үй су астында қалды, оның 359-ы апатты деп танылса, қалған үйлер жөндеуге болатын баспаналар санатына жатады.
"Өңірдегі үйлерді жөндеу мен салуға барлығы 10,5 млрд теңге қажет. Оның 5 млрд теңгесін Kaspi Bank, 1 млрд теңгесін RG Gold компаниялары бөледі. Алдағы уақытта шамамен 4 млрд теңге табу қажет", — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, әкімдіктің алдына 15 тамызға дейін су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысының барлық тұрғыны жөнделген және жаңадан салынған немесе сатып алынған үйлерге кіруі тиіс деген міндет қойылды.
"Жұмыс кестесі бар, мердігерлер анықталып, барлық тиісті қаражат бөлінеді", - деп атап өтті Бозымбаев.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды су басқан аймақтардан көшіру үшін Атбасар ауданының Атбасар қаласында 45 пәтерлі екі тұрғын үй салу жоспарлануда.
Сонымен қатар Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 жеке үй салынбақ.
"Біз ТЖ режимі жарияланған өңірлерде: Көкшетауда - 89, Жарқайың ауданында - 27, Есіл ауданында – 22, Астрахан ауданында – 34 және Жақсы ауданында - 10 дайын пәтер мен үйлері сатып аламыз. Қауіпсіз аймақта барлығы 182 үй сатып алу жоспарланып отыр", — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кеңесте.
Сондай-ақ жергілікті билік облыстың жол және инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңғыртуы керек. Бұл мақсаттарға үкімет резервінен қаражат бөлінеді.
Вице-премьердің тапсырмасы бойынша автожолдарды, көпірлер мен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары шілде айында аяқталуы тиіс.