Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдеріне 839 млн текше метр су жіберілді

Жиналған су одан әрі облыстағы күріш алқаптарына жіберіледі
Sputnik
АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдеріне 839 млн текше метрден астам тасқын су жіберілді, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
"Су тасқыны кезінде Ұлытау облысының Кеңгір су қоймасынан 839 млн текше метрден астам су жіберілді. Осының нәтижесінде, алғаш рет Кеңгір су қоймасынан жіберілген су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне жетті", - делінген хабарламада.
Кеңгір су қоймасынан 307 млн текше метр су, Жезді су қоймасынан 81 млн текше метр су жіберілді, ал Сарысу өзеніндегі "Қызылжар темір жол станциясы" су бекеті арқылы 451 млн текше метр су келді.
"Бүгінгі таңда Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинағаны байқалады, бұл өңірдің ауыл шаруашылығына жағымды әсер етугетиіс. Жиналған су одан әрі облыстағы күріш алқаптарына жіберіледі", - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.