Бишімбаев ісі бойынша келесі сот отырысында қандай мәселе қаралады

Келесі сот отырысында алқабилердің қатысуымен сот шешетін мәселелер талқыланып, тұжырымдалады
Sputnik
АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Жоғарғы сот Бишімбаевтың ісі бойынша келесі отырыста қандай мәселе қаралатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін сотталушылар Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов соңғы сөзін айтты. Енді келесі отырысы 10 мамырда өтеді.
"Келесі сот отырысында алқабилердің қатысуымен сот шешетін мәселелерді талқылау және тұжырымдау өтеді. ҚПК-нің 653-бабының 1-бөлігіне сәйкес мәселелерді талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, бүгінгі отырыста Бишімбаев қылмыс жасалған күні "сынақтан өтпегенін" мәлімдеді. Сондай-ақ нақты қандай бап бойынша жазаны өтеуге дайын екенін айтты.