АЛМАТЫ, 5 мамыр - Sputnik. "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы басталғаннан бері 5 600-ден астам іс-шара өтті, деп хабарлайды мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Ардагерлер мен қарттар үйлерін абаттандыруға, жалғыз басты қарттарға тұрмыстық көмек көрсетуге бағытталған "Өнегелі ұрпақ" апталығы аяқталды. Апталық аясында 787 іс-шара өткізілді, 2308 егде жастағы адамға көмек көрсетілді.
"Волонтерлер, жастар ресурстық орталығы өкілдері және Алматы облысының "Ковчег" балалар үйі тәрбиеленушілері бірігіп сенбілік өткізді. 50 адам аумақты көгалдандырып, көшеттер отырғызды", - дейді министрлік.
Жалпы, акция барысында 8 сәуір мен 4 мамыр аралығында өңірлерде 5,6 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оған 1 млн-нан астам адам қатысқан.
"6-11 мамыр аралығында өзен-көлдер маңын қоқыстан тазалауға бағытталған "Мөлдір бұлақ" тақырыптық апталығы ұйымдастырылады. Барлық іс-шараға жастар ресурстық орталықтары, волонтерлік қоғамдастықтар белсенді қатысады", - дейді ведомство.