"Бес мың шақырым жүремін": маңғыстаулық зейнеткер Парижге велосипедпен жетпек

Екі жарым айда Борашев 7 мемлекет аумағымен өтіп, 5 мың шақырым шамасында жол жүріп өтеді
Sputnik
АЛМАТЫ, 5 мамыр - Sputnik. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тұрғыны Раббим Борашев Парижде өтетін жазғы Олимпиадаға велосипедпен жолға шықты. Зейнеткермен Sputnik Қазақстан тілшісі сұхбаттасты.
Раббим Борашевтің жасы 64-те. Өмір бойы құрылыс саласында еңбек еткен. Алты баланың әкесі.
"Мамандығым - архитектор. Еңбек жолымды қарапайым ағаш ұстасынан бастадым. Кейін құрылыс шебері болдым, өмірімнің соңғы жылдары құрылыс фирмасын аштым. Осы Бейнеу ауданындағы біраз әлеуметтік нысанды салдым", - дейді Раббим Борашев.
64 жастағы Маңғыстау облысының тұрғыны Парижге велосипедпен жетпек
Ол 60 жасынан бастап велосипед спортымен айналыса бастаған. Көптеген экспедицияға қатысыпты.
"Соңғы он шақты жыл "Алтай қазынасы", "Оңтүстік қазынасы" деген сияқты талай экспедицияға қатыстым. Жасым алпысқа толғанда облысты велосипедпен аралай бастадым. Қарақия ойындағы Мұзтаудың төбесіне шықтым, велосипедпен 4700 шақырым жүрдім, екі айда таудың төбесіне шығып қайттым", - дейді зейнеткер.
Саяхатшы Қазақстан бойынша да талай жерді аралаған. Шығыс Қазақстанда Алакөлді айналып 660 шақырымды бағындырған.
""Ұлы дала жорығында" екі жыл бойы жарыс болды. Сонда ат жарысында велосипедпен жүрдім, аттар қай жолмен шапты, солармен бірге жүрдім. Күніне 100 шақырым, 10 күнде 1200 шақырым жүрдім. Былтырғы 1300 шақырымдық "Ұлы дала жорығына" да қатыстым. Ырғызбай әулиеге берілген аста болған жарыста аттармен бірге жарысып, велоиспедіммен 4-ші болып келдім", - дейді Раббим Борашев.
Енді саяхатшы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына велосипедімен жетуді көздеп отыр.
"Бакуге ұшып келіп, велосипедпен ары қарай жорығымды жалғастырдым. Консулдық көмектесті. Елшіліктегі азаматтар маған еріп жүруге көлік берді. Бұйырса 8-9 күнде Тбилисиге жетемін деп жоспарлап отырмын", - дейді ол.
13-14 күнде Батумиге барып, "Ұлы дала жорығына" қатысып, қайтып келіп жорығын жалғастырады. Маусымда Түркия мемлекетіне барып, ары қарай Венгрия, Австрия, Германия арқылы Францияға жетеді.
"Парижге дейін қанша жүргенімді сапарым біткен соң ғана айта аламын, бірақ өзімнің топшылауымша 4,5-5 мың шақырымдай болады. Бұрын біздің жас кезімізде қиыншылық көп болды, саяхаттау туралы ойлауға да мұршамыз болмады. Оның үстіне шекаралар бұлай ашық емес еді. Кеңес үкіметі құлап, нан табудың өзі қиындап кеткен кез еді. Қазір неге қыдырмасқа. Бастысы ұрпағыма үлгі болса екен деймін", - дейді Раббим Борашев.
72 жастағы ақсақал-саяхатшы Маңғыстау өңіріне жаяу жетті