АЛМАТЫ, 5 мамыр – Sputnik. Ақтөбе облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері өңірдің бірқатар білім беру объектілерінің, оның ішінде колледждердің, мектептердің, сондай-ақ оқушылар үйлерінің терроризмге қарсы қорғанысын тексерді, деп хабарлады Polisia.kz.
Тексеру барысында полицейлер ғимараттарды инженерлік-техникалық нығайтуға, оның ішінде дабыл жүйесімен, бейнебақылау жүйесімен жабдықтауға, күзетуге, халықты құлақтандыру жүйесімен жабдықтауға ерекше назар аударады.
Полицейлер Мұғалжар, Темір, Шалқар және Алға аудандарындағы объектілерде терроризмге қарсы талаптардың қаншалықты сақталғанын тексерді. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының аумағында сегіз жекеменшік мектеп тексерілді.
"Көпшілігі бейнебақылау жүйесімен, турникеттермен, дабыл түймесімен жабдықталмаған. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы екі млн теңгеге айыппұл салынды", - дейді ведомство.
Білім басқармасына ведомстволық бағынысты объектілердің басшыларымен, сондай-ақ оқушылармен терроризм актісі туралы қазіргі уақытта облыс полициясы ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Ақтөбе облысы аумағында террористік тұрғыдан осал объектілер тізіміне енген облыстық білім басқармасына қарасты 276 нысан бар. Жыл соңына дейін аталған барлық нысан тексеріледі.