АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Еліміздің барлық кеден бекеттерінде бүгіннен бастап экспресс жүктерді декларациялау оңайлатылды, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
"Кеден" ақпараттық жүйесінде іске қосылған пилоттық жоба 30 маусымға дейін жүзеге асырылады.
"Аталған жоба мемлекеттік органның қызметін бюрократиядан арылту, экспресс жүктерге кедендік декларацияны ұсынуды автоматтандыру, құжат айналымын жетілдіру және қысқарту, сондай-ақ бизнес-процесстерді оңтайландыру мақсатында жүргізіледі", - делінген хабарламада.
Қысқа уақыт ішінде жеке жүкқұжаттармен жедел тасымалданатын тауар экспресс-жүк ретінде саналады.
Пилоттық жоба шеңберінде "Кеден" ақпараттық жүйесінде экспресс жүктер үшін жолаушылар кедендік декларациясын және экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны кеден өкілдері толтырады. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдарының уәкілетті лауазымды адамдары оларды қабылдап, өңдейді.
"Кеден өкілдері экспресс жүктерге арналған декларацияға міндетті түрде қоса беретін құжаттарды қағаз түрінде бұрынғыдай ұсына алады", - деп атап өтті мемлекеттік кірістер комитеті.
Пилоттық жобаның қатысушылары "Кеден" ақпараттық жүйесінде экспресс-жүктерге арналған декларация бойынша шығару және кедендік төлемдер мен салықтардың сомаларын есептен шығару үшін 106119 бюджеттік сыныптама коды қолданылуы тиіс.
"Кеден" жүйесінде жұмыс істеу үшін Ұлттық куәландырушы орталықтың электронды цифрлық қолтаңбасы болуы шарт. Ақпараттық жүйе мына сілтеме бойынша қол жетімді.