АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Қазақстанда "Ауыл кітапханаларына 100 кітап" акциясы өтіп жатыр. Бұл акцияға ел министрлері де атсалысуда.
Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында кітап мәселесін ерекше атап, кітап оқитын халық қана зиялы бола алады дей келе жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту керектігіне назар аударды.
"Ауыл кітапханаларына 100 кітап" акциясын бастадық. Өз қолыммен Абай Құнанбайұлының Қарауыл ауылына, Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл ауылына және туған ауылыма әлемдік және қазақ әдебиетінің үздік туындыларын тарту еттім. Бұл акцияны басқа әріптестерім, министрлер де қолдап, бірнеше ауылға кітап жеткізіп берді", - деді мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Оның айтуынша, акцияға ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпелұлы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бұрынғы министрі Бағдат Батырбекұлы қатысып, елдің бірқатар облысындағы ауылдық кітапханаларға 100 кітап тапсырған.
Министр басқа әріптестері де жақын арада акцияны қолдауға ниет білдіргенін атап өтті.
"Осы бастамамен біз шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы үлгідегі туындыларды жеткізіп, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға тырысамыз, акцияға басқа да мекемелер мен ұйымдар, сондай-ақ барлық мүдделі азамат қатысады деп үміттенеміз", - деп түйіндеді Балаева.