"Ұмытып қалған": прокурор Бишімбаевтың қай жерден қателескенін айтты

Ол ұялы телефонының паролін бергенде видеоларды түсіргенін ұмытып кеткен, дейді Айжан Аймағанова
Sputnik
АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша жарыссөзде прокурор Айжан Аймағанова экс-министрдің негізгі қателігін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айыптаушы тарап жарыссөзді бірінші болып бастады. Прокурорлар алқабилерге Бишімбаевқа тағылған айыптарды дәлелдеп, Салтанат Нүкенованың қалай қайтыс болғанын түсіндірді.
Прокурор бөтелкедегі қызыл сұйықтықты пакетке құйып, 230 милилитр қанның мида қалай жиналатынын көрсетті.
"Сот отырыстары кезінде бәріміз Бишімбаевтың өтірікті шебер айтатынына куә болдық, өзіне ыңғайсыз сұрақтардан да қаша алады. Қателік жасамауға тырысып келеді. Бірақ ол үлкен бір қателік жасады. Оның ұялы телефонынан Салтанаттың қинау сәттері түсірілген бейнематериалдар шыққанда оның осы қылмысқа қатысты нұсқасы күйреді. Ол ұялы телефонының паролін бергенде видеоларды түсіргенін ұмытып кеткен", - деді Аймағанова.
Айта кетері, бүгін жәбірленуші тарап экс-министрдің бұрынғы әйелі Назым Қаһарманды куәгер ретінде тартуды сұрады. Бишімбаевтың адвокаттары қарсы болды. Ал экс-министрдің өзі қарсылық білдірмеді.
Судья Айжан Көлбаева Бишімбаевтың бұрынғы әйелі айтатын мәліметтер қылмыстық іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сол себепті жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырмады. Ал Байжановқа тағылған екі айыптың біреуін алып тастады.