Бакуде Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының кеңесі алғаш рет бас қосты

Қор президенті ұйым жұмысының қорытындылары мен 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жариялады
Sputnik
АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры кеңесі Бакуде алғашқы отырысты өткізді – оған қорға қатысушы елдердің мәдениет министрліктерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Кеңес отырысы барысында Әзербайжанның мәдениет министрі Әділ Керимли қор түркі әлеміне қатысты және жаһандық және аймақтық сын-қатерлерге сәйкес келетін жаңа бағыттарды дамыту бойынша үлкен мақсаттарды алға қойып отырғанын айтты.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қор нәтижелерін бөлісіп, алдағы жаңа бағыттар мен 2024-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.
Жалпы, қордың жұмыс жоспарын барлық қатысушы ел қолдады. Аталған жоспарды жүзеге асыру ұйым қызметіне жаңа серпін берері сөзсіз.
Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз сөзінде Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры түркі мемлекеттерінің халықаралық аренадағы бірлігінің үлгісі екенін айтты.
"Қор біздің мәдениетімізді де, елімізді де бір-бірімен одан әрі жақындастыра түседі. Мәдени және ғылыми іс-шаралар, оның ішінде қордың ұйымдастыруымен өтетін көрмелер байланысымызды нығайтады және тығыз ынтымақтастыққа мүмкіндік туғызады", – деген Аида Балаева отырысқа қатысушыларды Таңбалы петроглифтеріне арналған ғылыми-практикалық конференцияға шақырды.
Биыл Қазақстанда өтетін конференцияға түркі әлемінің ғалымдары жиналады.
Министр Түркі мемлекеттері ұйымы, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы, Халықаралық Түркі академиясының және Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының түркі мұрасын сақтауға және насихаттауға бағытталған қызметтерінің нақты функцияларын бірге атқару және айқындау үшін жоспарларды талдау керектігін айтты.
Оның пікірінше, ескерткіштерге сараптама жүргізу, қалпына келтіру, сондай-ақ оларды ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша бірыңғай топ құрған жөн.
Сонымен қатар Аида Балаева 6-шы Дүниежүзілік мәдениетаралық диалог бойынша форумға қатысты. Форум Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің қатысуымен өтті.
Іс-шараға 110-нан астам елден жүздеген қатысушы келді. Панельдік пікірталастар мен пленарлық отырыстарда білім, жастар, климаттың өзгеруі, жасанды интеллект, мәдени мұраны қорғау, заңсыз көші-қон сияқты тақырыптар талқыланды.