"Саламатты Қазақстан" пойызы тасқыннан зардап шеккен өңірлерге барады

Sputnik
АЛМАТЫ, 1 мамыр - Sputnik. "Саламатты Қазақстан" денсаулық пойызы шалғай аудандарды аралауға шықты,деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Астанадан дәрігерлер бригадасы бар медициналық пойыз бүгін 147 шалғай ауыл тұрғындарына тегін амбулаториялық көмек көрсету үшін жолға шықты.
Биылғы жылы "Дөңгелектегі емхана" өз жұмысын су тасқынынан зардап шеккен батыс өңірлерден бастайды және 90 мың ауыл тұрғындарын медициналық қызметтермен қамтиды.
"Жобаның арқасында станциялардың және оған іргелес елді мекендердің көптеген тұрғындары білікті дәрігерлерден консультация алып, қандай да бір ауруларға тексеріле алады. Биыл алғаш рет маммограф сатып алынды, оның қызметтері де халыққа қолжетімді болады. Пойыз жұмысына 14 арнайы маман қатысады", - дейді ведомство.
Дәрігерлік бригаданың құрамында терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы практика дәрігері, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, онколог-маммолог, гинеколог және уролог медициналық көмек көрсетеді.
Консультациялық-диагностикалық көмектен басқа, медициналық пойыз мамандары шағын операциялар жүргізе алады, стационарларға жоспарлы емделуге жолдама бере алады.
Медициналық бригада дәрігерлері ауыл тұрғындарына медициналық-санитариялық алғашқы және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді, әрбір станцияда орта есеппен 1-2 күн болады.
Жалпы 2010 жылдан бастап "Медициналық пойыздар" жобасы еліміздің барлық өңірлерінде 1991 станцияға барды, 658 407 адам, оның ішінде 142 660 бала зерттеліп-қаралды. Дәрігерлердің қарап-тексерулерінің саны шамамен 3,5 млн, 29 мыңға жуық шағын амбулаториялық операция жасалды, 169 мың тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетілді.