АСТАНА, 30 сәуір – Sputnik. Қазақстанда 25 мамырда түлектерге арналған соңғы қоңырау өтеді, деп хабарлады оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларына арнаған сөзінде.
Ол 25 мамырда 186 мың түлек үшін соңғы қоңырауды ұйымдастыруды тапсырғанын айтты. Сондай-ақ ол бұл шараны мәдениетті түрде, артық шығынсыз өткізуге шақырды.
24 мамыр, жұма күні 1-10 сынып оқушылары үшін "Менің білімім - Отанға" тақырыбында сынып сағаты өтеді.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, әріптестердің ұсынысымен республика бойынша мамыр айында "Бірлік айы" өткізіліп, оның аясында "Таза Қазақстан", "Игі істер", "Демалыста кітап оқимыз" сияқты іс-шаралар өткізіледі.
Бірқатар өңірдегі су тасқынына байланысты және оқу жылының соңғы күні сенбіге дөп келуіне байланысты 24 мамырда оқушыларға 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты өтетіні хабарланды.
Қазақстанда мектептерде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты шаралар, банкеттер өткізуге, көлікпен қыдыруға тыйым салынды.
11 (12) сынып түлектеріне аттестаттарды тапсыру және арнайы "Алтын белгі" төсбелгілерімен марапаттау барлық емтихан аяқталғаннан кейін 12-15 маусым аралығында өтеді.