АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Шайбалы хоккейден "Болашақ ойындары" турнирі аясында "фиджитал хоккей" форматы бойынша жасөспірімдер сынға түсті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Фиджитал хоккейдің ерекшелігі - жасөспірімдер бастапқыда playstation құрылғысында 3×3 форматы бойынша 9 минутта мықтыны анықтайды.
Екінші кезекте дәл осы есеп сақталып, хоккейшілер әрі қарай мұз айдынында 7 минуттан тұратын 3 кезеңде ойнап, жалпы жеңімпаз анықталады.
Турнирге Астана қаласының 6 командасы қатысты.
Мұндай ойын тек Ресейдегі "Болашақ ойындарында" ғана ұйымдастырылады. Қазақстанда алғаш рет өткізіліп жатыр. Бірінші рет болған соң қатысушылардың саны аздау. Дегенмен жыл соңына дейін тағы 1-2 жарыс өткізу ойда бар. Үміткерлердің де саны артады деп сенемін. Мұның барлығы 2026 жылы елімізде өтетін "Болашақ ойындарына" дайындық десе де болады.
Турнирдің басты мақсаты - жасөспірімдерде спорт пен киберспортты біріктіріп, физикалық және ойлау тұрғысын бірге дамыту”, - деді жарыстың ұйымдастырушысы Вячеслав Борисов.
Айта кетейік, елімізде "Болашақ ойындары" көп спортты халықаралық турнирін өткізу 2025 жылдан 2026 жылға ауыстырылған болатын.
“Осындай бәсеке мен үшін таңсық. Себебі осы күнге дейін тек хоккейге мән беріп келіп едім. Playstation-да хоккей ойнау дәрежем жоғары емес. Алдағы уақытта киберспорт жағына мән беретін боламын”, - деді Абзал атты жас хоккейші.
Турнир қорытындысы бойынша, "Номад-1" командасы топ жарса, "Номад-2" ұжымы 2-орынды иеленіп, "Астана-1" командасы үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ жасөспірімдер мұз айдыны мен digital сайыстарында да үздік номинациялармен марапатталды.