Бишімбаев ісі: прокуратура Байжановқа тағылған бір айыптаудан бас тартты

Заң бойынша жаңа айыптау актісі жасалғаннан кейін сот отырысын үш күннен кейін ғана өткізуге болады. Осыған байланысты сот отырысы 2 мамырға ауыстырылды
Sputnik
АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Бишімбаевтың ісі бойынша екі баппен жауапқа тартылған Бақытжан Байжановқа қатысты айыптау актісі өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін прокурорлар сот тергеуін қалпына келтіруді өтінді. Негізгі мақсат – Байжановқа қатысты айыптау актісін өзгерту. Прокурорлар 434-бап (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша тағылған айыптан бас тартып, ары қарай оның ісін 432-бап (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) бойынша қарауды сұрады.
"9 қараша күні шамамен сағат 10:00-де Байжанов "BAU" мейрамханасына келіп, 1 VIP-кабинаға кірген. Ішінде Бишімбаев пен Нүкенова болған. Бишімбаев ешкім кірмесін деді де, көрпе алып келуді сұрады. Сол кезде көрпені алып келген Байжанов Нүкенованың есінен танып жатқанын және бетінде көптеген жарақат болғанын көрген. Сау адамға тән емес қырылдаған дауыстың шығып тұрғанын да естіді. Кабинаның іші шашылып жатты. Есік бұзылып тұрды, сынған ыдыс-аяқ мен қан болды. Байжанов соның бәрін көріп, Бишімбаевтың Нүкенованы тағы ұрғанын түсінді",- деді прокурор Саяхат Нұрбеков.
Одан кейін Байжанов мейрамаханаға ешкімді кіргізбеуге және бейнежазбаларды өшіруге тапсырма берді. VIP-кабинаға баратын жолды жауып тастады. Бишімбаевтың тапсырмасы бойынша мейрамхана ұжымын таратып жіберді. VIP-кабинаға бірнеше рет кіріп, Нүкенованың қозғалыссыз жатқанын көрді.
"Бұдан бөлек, Байжанов таныс дәрігері Сәрсенбаевқа қоңырау шалды. Ол жедел жәрдемді шақыру қажеттігін айтты. Алайда Байжанов көмек көрсету үшін тиісті шара қабылдаған жоқ", - деп атап көрсетті прокурор.
Бүгінгі сотта жәбірленуші тарап айыптау акітісін өзгертуге келісті. Байжановтың өзі отырыста болмады. Ал оның адвокаты айыптау актісінің жазбаша нұсқасын алып, барлық мән-жайды Байжановпен талқылау қажеттігін жеткізді. Екі-үш күн уақыт беруді сұрады. Ал заң бойынша жаңа айыптау актісі жасалғаннан кейін сот отырысын үш күннен кейін ғана өткізуге болады. Осыған байланысты сот отырысы 2 мамырға ауыстырылды.