АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Ішкі істер министрлігі көрші елде адыраспан үшін қылмыстық жазаның енгізілгенін ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрлігінің өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, биыл ақпан айынан бастап Ресей Федерациясында "гармала" деген өсімдік үшін қылмыстық жаза енгізілді.
"Оны халық арасында адыраспан дейді. Ресейде оны тыйым салынған өсімдіктердің қатарына енгізді. Соны біле жүріңіздер. Оны Ресейге апарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бір миллион рубльге дейін айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған", - деді Алекешев бүгінгі брифингте.
Ал аса ірі мөлшерде апарғаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Осыған байланысты ішкі істер министрлігі шетелге шығатын азаматтарға сол елдің заңдарымен танысуға кеңес беріп отыр. Әсіресе, тыйым салынған өсімдіктер мен дәрі-дәрмектерге баса назар аудару қажет.
Халық емдік қасиеті бар деп санайтын адыраспан өсімдігі туралы Sputnik Қазақстан дерек қорынан оқыңыз.