Елімізге жұмыртқа әкелуге уақытша тыйым салынды

Шектеу алты ай мерзімге енгізілді
Sputnik
АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Қазақстанға тауық жұмыртқаларын сырттан әкелуге уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігі.
Шектеу "Қазақстан аумағына автомобиль арқылы тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салуды енгізу туралы" ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 24 сәуірдегі бұйрығында көрсетілген. Оған сәйкесҚазақстан аумағына автомобиль көлігімен үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен тауық жұмыртқаларын әкелуге алты ай мерзімге шектеу қойылған.
Айта кету керек, тыйым Қазақстан аумағы арқылы тауық жұмыртқаларының транзитін, сондай-ақ олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына Қазақстан арқылы өтуіне қатысты қолданылмайды.
Тағамдық жұмыртқа импортына уақытша тыйым көктемгі-жазғы кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында енгізілді.
Осы кезеңдерде жұмыртқаға сұраныстың төмендеуі байқалады, нарықтың қажеттіліктері өнеркәсіптік өндіріс арқасында және үй шаруашылығы өнімдерінің нарықта белсенді болуымен толығымен жабылады. Бұл фактор құс фабрикаларының қызметіне теріс әсер етеді, жұмыртқа бағасы төмендейді.
"Бағаның өзіндік құннан төмен түсуі кәсіпорындардың рентабельділігіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ осы кезеңде жұмыртқаны сақтау мерзімі қысқарады, бұл ретте технологиялық ерекшеліктерге байланысты жұмыртқа өндіру көлемі азаймайды, бұл қоймаларда тауардың артық жиналуына әкеледі", - делінген ведомство хабарламасында.
Бұйрық 2024 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді.