Павлодарда соғыс ардагерлеріне 2 млн теңгеден беріледі

Қазіргі уақытта Павлодар облысының аумағында көзі тірі 7 соғыс ардагері бар
Sputnik
АЛМАТЫ, 28 сәуір – Sputnik. Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының жеті қатысушысы тұрады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова айтты. Жеңіс күніне орай олардың әрқайсының шотына 2 млн теңгеден біржолғы төлем аударылады.
"Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар мен жараланғандар және тыл еңбеккерлеріне теңестірілген 3,8 мыңнан астам азамат жалпы сомасы 350 миллион теңге біржолғы төлем алады. Жеті соғыс ардагерінен өзге азаматтарға тағайындалған төлем мөлшері – 10-40 айлық есептік көрсеткіш", - деді Альмира Дисюпова.
Ақша "Азаматтарға арналған үкімет "мемлекеттік корпорациясы" ұсынған тізімдерге сәйкес алушылардың дербес шоттарына автоматты түрде аударылады.