АСТАНА, 27 сәуір – Sputnik. Қытайда өткен химия пәнінен халықаралық Менделеев олимпиадасында қазақстандық оқушылар 9 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.
Шэньчжэнь қаласында (Қытай) өткен жарысқа 29 елден 200-ден астам оқушы қатысып, өзара 15 алтын, 30 күміс және 45 қола жүлдені таласқа салды.
Қазақстан құрама командасы 1 алтын, 2 күміс және 6 қола, барлығы 9 медаль жеңіп алды:
Алтын медаль - Ринат Илюсизов, Павлодар қаласындағы №8 дарынды балаларға арналған лицейдің оқушысы.
Күміс медаль - Әділжан Молдағұл, Ақтау қаласының "Білім-Инновация" лицей-интернатынан және Кирилл Ким, Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен.
Қола медаль - Абылай Қабдулхадыр, Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен, Алихан Серікұлы, Haileybury Almaty халықаралық мектебі, Еңлік Бақытбекова, Алматы қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Тамила Рахимбаева, Павлодар қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Санжар Қалиақбар, Қарағанды қаласының №1 "Білім-Инновация" мектеп-интернаты және Әліби Мұғалім, Ақтау қаласының "Білім-Инновация" мектеп-интернаты.