Жаңа су қоймаларының құрылысы көрші елдерге тәуелділікті төмендетеді - министрлік

Елде 20 жаңа су қоймасын салу көзделген
Sputnik
АСТАНА, 26 сәуір – Sputnik. Қазақстанда тасқын суды жинау және сол арқылы елді мекендерді су басу қаупін азайту үшін 20 жаңа су қоймасы салынады. Су ресурстары және ирригация министрлігі осы бағытта жұмыс істейді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ведомствоның ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева мәлімдеді.
Жыл басында қабылданған су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында 2,5 млрд текше метрге дейін жинай алатын 20 жаңа су қоймасын салу көзделген.
Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Жетісу облыстарында 10 су қоймасын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 1 су қоймасы пайдалануға берілді. Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталды, Төлеби ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы бойынша жобаны іске асыру басталды.
"Бұдан бөлек, 8 су қоймасын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ақмола, Алматы, БҚО, Жамбыл, Қызылорда облыстарында. Жаңа су қоймалары еліміздің көрші мемлекеттерге тәуелділігін 25%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұжырымдамада жалпы көлемі 2 млрд текше метр болатын 15 су қоймасын қайта жаңарту көзделген", - деді спикер.
Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстарындағы 6 нысанда жұмысты бастау жоспарлануда. Жаңа су қоймаларының құрылысы көрші мемлекеттерге тәуелділікті төрттен бірге қысқартуға мүмкіндік береді.