Тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлерге шығын қалай өтеледі – ереже бекітілді

Шығын болған тауарлық-материалдық құндылықтардың құны көтерме жеткізушінің сатып алу бағасы бойынша өтеледі
Sputnik
АСТАНА, 26 сәуір – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі тасқын салдарынан кәсіпкерлік субъектілерге келтірілген мүліктік шығындарды өтеу тәртібін бекітті.
Мүлiктiк шығындарды өтеу сақтандырылған мүлiктi қоспағанда, шығын болған мүлiктiң құнын немесе шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне (меншiк иелерiне) тиесiлi бүлiнген мүлiктi қалпына келтiру жөнiндегi жұмыстардың құнын өтеу жолымен жүзеге асырылады.
Шығын болған тауарлық-материалдық құндылықтардың құны көтерме жеткізушінің сатып алу бағасы бойынша өтеледі.
2024 жылғы су тасқынының салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындардың орнын толтыруды айқындау жөніндегі облыстық комиссияның шешімі шығын болған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеуге негіз болады. Облыстың жергiлiктi атқарушы органының шешiмiмен облыстық комиссия құрылып, бюджеттен тыс қорлардан шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң өтiнiштерiн қарау үшiн қор комиссиясы құрылады.