АСТАНА, 26 сәуір – Sputnik. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге міндетті психологиялық терапия енгізу жоспарлануда.
Денсаулық сақтау министрлігі осындай бастама көтерді, бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
"Бұйрық жобасы зорлық-зомбылықпен байланысты құқық бұзушылық жасаған адамдарға психологиялық көмек көрсету тәртібін, сондай-ақ психологтарға медициналық-психологиялық түзету бағдарламасын жүргізу және тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдармен жұмыс жүргізу бойынша талаптарды көздейді", - деп жазылған сайтта.
Денсаулық сақтау министрлігі агрессорлардың мінез-құлқын осылайша түзетіп, эмоцияларын бақылауға үйретіп, жанжалдарды шешудің басқа жолдарын іздеуге дағдыландыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар, түзету бағдарламасын жүргізу және тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдармен жұмыс істеу бойынша психологтарға қойылатын талаптар бекітілуде. Құжатқа сәйкес, психологиялық түзету жұмыстары денсаулық сақтау мекемелерінде жүргізіледі.
Қоғамдық талқылау 15 мамырға дейін жалғасады.