Спорт

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: билеттер сатылымға қашан шығады

Оған 100-ден астам елдің өкіледері қатысады деген жоспар бар
Sputnik
АСТАНА, 26 сәуір – Sputnik. Биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған 100-ден астам елдің өкілдері қатысады деген жоспар бар. Әлемнің түкпір-түкпірінен көшпенді емес мемлекеттерден де командалар келеді. Sputnik Қазақстан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасын ұсынады.
Астанада қандай жарыстар өтеді?
Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрінен ұйымдастырылады. Олар:
асық ату;
арқан тартыс;
ордо (қырғыздың асық ату ойыны);
ат жарысы;
көкпар;
аударыспақ;
теңге алу;
күрес (қазақ күресі, ашыртмалы аба гюреши (түріктің белбеу күресі), кураш (өзбектің күресі), ссирым (кәрістің белбеу күресі), алыш (қырғыздың белбеу күресі);
мас-рестлинг;
алыптар сайысы;
тоғызқұмалақ;
мангала (Түркияның зияткерлік ойыны);
овари (Батыс Африканың зияткерлік ойыны);
садақ ату;
құс салу (бүркіт, қаршыға мен ителгі салу);
Осы жарыстар кезінде 113 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 7 күнге созылатын ойындарға 100-ден астам елден 3 000-ға жуық спортшы келеді деген жоспар бар.
Дәстүр бойынша Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімімен басталады. Жабылу рәсімі де болады. Сол кезде көкпардың финалист командалары да сайысқа түседі.
Жарыстар қай жерде өтеді?
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін нысандар барлығына ыңғайлы болу үшін бір сызықтың бойында орналасқан. Олар:
"Астана Арена" стадионы;
"Қазанат" ипподромы;
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы;
"Алау" мұз сарайы;
"Qazaqstan" жеңіл атлетика спорт кешені;
"Думан" қонақ үйі;
Мәселен, асық ату, күрес сияқты жарыстар "Алау" мұз сарайы мен Үшкемпіров жекпе-жек сарайында өтсе, ат жарысы "Қазанат" ипподромында ұйымдастырылады. "Думан" қонақ үйінде зияткерлік ойындарды тамашалауға болады. Ал этноауылда құс салу, аударыспақ, теңге алу мен алыптар сайысы өтеді. Этноауыл "Қазанат" ипподромы жанында ашылады.
Ұлттық мұражайда этноспортты дамыту мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылады.
Алау емес, су болады
Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары "Ұлы дала дүбірі" ұранымен өтеді. Оған дейін алау эстафетасы да ұйымдастырылады. Бірақ бұған дейінгі көшпенділер ойындарының басты қасиетті нышаны және негізгі элементі су болды. Осы жолы да солай қалады.
"Ол үшін жергілікті қасиетті бұлақтардың бірінен Дүниежүзілік ойындардың ашылу рәсіміне апарылатын су алынады. Оны аймақтың орталық көшелерімен ұстап өтеді. Сосын өңірдің дәстүрі мен стилінде безендірілген керуен су толтырылған ыдыспен бірге Астанаға аттанады. Сонымен қатар, керуендер өңірлерден Астанаға қажетті мөлшерде киіз үй, ыдыс-аяқ, "Көшпенділер ғаламы" этноауылын ұйымдастыруға қажеттінің барлығын әкеледі", - дейді ұйымдастырушылар.
Ойындар ашылатын күні еліміздің барлық аймақтарынан келген батырлар қасиетті су толтырылған торсықтарды ұстап шығады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тарихы
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанның бастамасымен ұйымдастырылды. Чолпан-ата қаласы халықаралық жарыстарды үш рет қабылдады. Ал оған қатысатын спортшылардың саны барған сайын көбейіп келеді.
2014 жыл 19 елден 583 спортшы (10 спорт түрі);
2016 жылы – 62 елден 1 200 спортшы (26 спорт түрі);
2018 жылы – 82 елден 2 000 спортшы (37 спорт түрі);
Ал IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткізілген. Сол кезде 102 елден 3 000 спортшы 13 спорт түрінен бақ сынады.
Билет сату неге тоқтатылды?
Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан туындаған экологиялық дағдарысқа байланысты Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға жұмсалатын қаржыны қысқартуды тапсырды. Осыған байланысты ойындарды өткізу мерзіміне кейбір өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ жарыстардың күні мен уақыты ауыстырылады.
"Қазіргі уақытта билет бағдарламасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Ол шамамен 15 мамырда аяқталады. Сол кезде билет сату қайта басталады", - дейді дирекция мамандары.
Тегін билет кімге беріледі?
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тегін билеттер де таратылады. Оны екі санатқа кіретін адамдар ғана ала алады. Олар:
0-5 жас аралығындағы балалар (бөлек орын берілмейді);
I-II топтағы мүгедектер;
Тегін билет әрбір адамның құжаты негізінде тек офлайн кассаларда беріледі.
Жеңілдіктер:
Ондай билеттер де тиісті құжат ұсынылған кезде офлайн кассаларда ғана сатылады.
Алайда ойындардың ашылу және жабылу салтанатына тегін немесе жеңілдікпен билет сатылмайды. Көкпар ойынының финалына да тегін билет жоқ.