АСТАНА, 26 сәуір — Sputnik. Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөзі өтті.
Жарыссөзде сотталушы Дархан Ахметжанов соңғы сөзін айтты, Ол өзіне тағылған айыптардың ішінде тек "Бұзақылық" бабы бойынша кінәсі барын мойындады.
Ахметжанов Қылмыстық кодекстің 351-бабының 3-тармағы бойынша (Жолаушының екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соқтырған көлік құралдарын пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзуы) өз кінәсін мойындамады.
Болған апатқа ол өзін арандатып, қорлаған автобус жүргізушісін кінәлайды.
"Құрметті сот, менің кәмелетке толмаған үш балам бар және бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанмын. Осыларды ескеріп, бас бостандығынан айырудан басқа жеңіл жаза берсеңіз екен. Мені Қылмыстық кодекстің 351 бабының 3 тармағы бойынша кінәсіз деп тануды және ақтауды сұраймын" - деді сотталушы Дархан Ахметжанов.
Ол өзінің соңғы сөзінде көзіне жас алып, марқұмдардың, зардап шеккендердің жақындарынан кешірім сұрады.
"Қайтыс болғандардың туыстарына, бала-шағаларына қайғырып көңіл айтамын. Жарақат алғандардың жазылып кетуін тілеймін. Өзімнің отбасымнан, барлығынан шын жүректен кешірім сұраймын", – деді Ахметжанов.
Бүгін сотталушының анасы да сотта сөз сөйлеп, автобус апатынын зардап шеккен жәбірленуші материалдық шығынды автопарк көтеруі қажет екенін айтты.
Сот үкімі бүгін сағат 16:30-да шығады.
Айта кетейік, жантүршігерлік жол апаты желтоқсан айында Райымбек даңғылының бойында болды. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтіп, соның салдарынан үш адам көз жұмды. Төртеуі түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Аталмыш оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен іс қозғалған. Күдікті кінәлі деп танылса, cегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.