Ресей Қазақстан мұнайын тасымалдаудан бас тартқаны жайлы ақпарат жалған – министрлік

Sputnik
АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Энергетика министрлігі Ресейдің Қазақстан мұнайын Германияға өз аумағы арқылы тасымалдаудан бас тартқаны жайлы ақпаратты жоққа шығарды.
Бұған дейін Reuters агенттігі "Ресей Қазақстанға төлем мәселесіне байланысты Германияға мұнай транзиті маусым айында тоқтауы мүмкін екенін ескертті" деп хабарлады.
Қазақстанның Энергетика министрлігіне Ресейден мұндай хабарлама түспеген.
"Ақпарат расталған жоқ", - деп мәлімдеді ведомство.
Мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Бірнеше күн бұрын Қазақстанның Энергетика министрлігіне Reuters агенттігі таратқан "Ресей Қазақстаннан жанармай сұрады" деген ақпаратты теріске шығаруға тура келді.
Ол кезде Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының бірінде жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын.