"Құрық – Жетібай" тасжолы биыл күзде пайдалануға беріледі

Жол 11,5 миллиард теңгеге салынып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. "Құрық – Жетібай" тасжолындағы күрделі жөндеу жұмыстары биыл күзде аяқталады, деп хабарлады 24KZ.
Маңғыстау облысындағы 64 шақырымдық трасса республикалық маңызға ие. Қарақия ауданының екі ірі елді мекенін байланыстыратын жол өткен ғасырдың 70 жылдары салынған. Содан бері толыққанды күтім көрмей, көлік қозғалысына жарамсыз болып қалды. Енді қос ауылдың халқы оның қалпына келуін асыға күтіп жүр.
"Емін-еркін жүреміз, бұйырса, теңізге қатынаймыз. Жетібай халқы сол жолдың жылдамырақ біткенін қалаймыз. Жаңа Қазақстанда жаңадан жол салып беріп жатыр", - дейді Жетібай ауылының тұрғыны Мұсадин Медетбаев.
Қазір республикалық жолдағы жұмыс қызу. Жол материалдары жергілікті зауыттан жеткізіледі. Осы күнге дейін жаңа трассаның 50 шақырымы төселген. Қалған 14 шақырымды мердігер қазан айында аяқтайды.
"Қазір біз асфальтбетон жабындысының температурасын тексердік. Температурасы келіп тұр, 135 градус. Негізі 120-дан төмен болмауы керек. Асфальтбетон жабындысының енін өлшедік. Талапқа сай келіп тұр. Жоба бойынша 8 метр", - дейді автомобиль жолдарын тексеретін мекеме инженері Самат Шораев.
Шамамен 11,5 миллиард теңгеге салынып жатқан жол халықаралық көлік дәліз деуге тұрарлық. Себебі Өзбекстан мен Ресейден шығатын транзиттік тауарлар осы жолмен Құрық портына тасымалданады. Қазір жүк көліктері Ақтау арқылы келіп жүр. Енді теңіз паромы кешеніне Жетібайдан тіке қатынап, 120 шақырым үнемдеуге болады.