АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған бірыңғай сынып сағаты өтеді, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстанда 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам оқушы аяқтайды, оның 186 мыңы мектеп түлегі.
Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды, оқу 25 мамырда аяқталады.
"Су тасқынына және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектепте сабақта 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды", - деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова.
11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі "Алтын белгімен" марапаттау 12-15 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихан аяқталғаннан кейін өтеді.
Айта кетері, 9-11 сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен шығуға тыйым салынады.