АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек беруге кірісті. Министрлер кабинетінің соңғы отырысында тағы жарты миллионнан үлестіруге шешім қабылданды. Sputnik Қазақстан тілшісі су тасқынынан кейін үйсіз қалған адамдарға хабарласып, өтемақыны қайда жұмсағанын, ол ақшамен суға кеткен мүліктің шығынын қалай жабатынын сұрады.
Бірінші кезектегі қажетті заттарға ақша жете ме
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен бес баланың анасы Сәуле Нысанбаева саяжайда тұрды. Үйді күйеуі екеуі салған. Биыл Қарғалы өзенінің суы тағы көтеріліп, бәрі үйін тастап қашуға мәжбүр болды.
"Бұл – біздің жалғыз баспанамыз. Күні кеше әкімдік адамдары келіп кетті. Суға батып кеткен мүлікті де бағалады. Тоңазытқышым, мұздатқышым, кір жуатын машинам, су сорғысы - бәрі істемей қалды. Соның бәрін жазып алды. Артынан тағы төлейді, өзіміз хабарласамыз деді. Бірақ қанша ақша беретінін білмейміз", - деді Нысанбаева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Осы аптада үкімет басшысы 150 АЕК, яғни 553 800 теңге көлемінде қосымша өтемақы берілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ақшаға бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алуға болады. Соның ішінде тоңазытқыш, үстел, орындық, ыдыс-аяқ пен киім-кешек бар. Алайда зардап шеккендер жарты миллион бірінші кезекте қажетті заттарға аз болатынын айтып отыр.
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен бес баланың анасы Сәуле Нысанбаеваның саяжайдағы үйі
© Sputnik / Арман Асқар
"Ауыл адамдарына 360 мың теңге деді, біз қалаға қарағаннан кейін 300 мың теңге берді. Тағы 550 мың теңге беретінін естідік. Бірақ ол ақша тұрмыстық техникаға жете ме? Қазір бәрі қымбат қой. Мына су тасқынынан кейін біраз адамның техникасы жанып кетті. Енді сұраныс көбейеді, ал сұраныс көтерілсе, баға да өседі", - деп атап өтті көпбалалы ана.
Сәуленің бір баласы – I топтағы мүгедек. Қазіргі кезде үйден су кетсе де, тұруға жарамсыз: қабырғалары үгітіліп, іші дымқыл тартқан.
"Біз беріліп жатқан заттардан құр қалмадық. Бәрін беріп жатыр, жағдайымызды жасады. Басында эвакуациялық пунтте болдық, одан кейін жатақханаға көшірді. Бірақ ол жерде пандус болмады. Содан жалдамалы үйге көшуге тура келді. Енді бір үй берсе деген үміт бар. Өйткені су басқан үйде тұру мүмкін емес", - дейді ол.
Ойқалада мыңдаған үй суға кетті
Петропавлдың Ойқала (Подгора – агенттік) шағын ауданы да толығымен су астында қалды. Үйлердің шатыры ғана көрінеді. Жұлдыз Аманбайқызының айтуынша, Ойқалада ондай су тасқыны ешқашан болған емес.
"Біз Ойқалаға 1998 жылы көшіп келгенбіз. Сол жерде 9 жыл тұрдық. Сосын үй салдық. 2017 жылы су келген, бірақ Ойқаланы басатындай деңгейде болған жоқ. Осы жолы ештеңе алып үлгермедік. Бір-екі рет ауыстыратын киім, үйдің және балалардың құжаттары, оқулықтар, болды, басқа ештеңе алған жоқпыз", - дейді Жұлдыз Аманбайқызы.
Қазіргі кезде Жұлдыз отбасымен бірге жатақханада тұрып жатыр. Әкімнің орынбасары су кеткеннен кейін арнайы мамандар үйге келген залалды бағалайды деп айтқан. Баспана тұруға жарамсыз болса, зардап шеккендерге пәтер беріледі.
"Ал үй жөндеуге келсе, қаржылай көмек береміз деген. Енді оның қалай болатынын әзірше білмей отырмыз. Менің бес балам бар, соңғы екеуі – егіздің сыңары. Екеуі де демікпемен ауырады. Дымқыл жерде тұра алмайды. Әрине, бізге осы жағдайдан кейін пәтер алған жақсы. Себебі бір-екі жылдан кейін тағы су баспайтынына кім кепіл?", - дейді ол.
Жұлдыз да 360 мың теңгенің өтемақысын алды. Үкімет айтқан қосымша көмекті де күтіп отыр.
"Бізге 360 мың теңгені өткен аптада берген. Біз өтініш жібергеннен кейін үш күннің ішінде түсті. Қосымша 500 мыңды да алатын шығармыз. Бірақ ол қажетті заттарға жетпейді ғой. Мысалы, қазір ең арзан тоңазытқыштың өзі 250 мың теңге тұрады. Одан бөлек, киім-кешек, ыдыс-аяқ сияқты бірінші кезекте қажетті заттарды алу керек. Бізді осы кезде киетін киіммен қамтамасыз етті. Жұрттың әкелгені бар, халықтан түскен ақша бар. Жаңа киім алуға тырыстық. Ал ертең қысқы киімді қайдан аламыз? Бәрі суға кетті", - деді Жұлдыз.
Оның айтуынша, су тасқынынан кейін жергілікті билік қолынан келгенше көмектесті. Қазіргі кезде жатақхананы да тегін беріп отыр. Үйдің мәселесі шешілгенше тұра беруге болады. Балалар оқитын мектептер де, еріктілер де көмектесіп жатыр.
"Екінші өтемақы да көп нәрсеге жетпейді"
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Юлия Опра да үйсіз қалды. Орал қаласына жақын жерде орналасқан Деркөл елді мекенін екінші рет су басты. Юлияның үйінен су әлі кетпепті.
"30 наурызда өзен суы тасып, үйімізді су басты. Өткен аптада екінші толқыны келді. Бізге бірден көмек көрсетілді. Қазір жатақханадан бір бөлме берді. Сонда төрт баламен бірге тұрып жатырмыз. Бірінші өтемақыны берді. Ал баспана мәселесі әзірше белгісіз. Су кеткеннен кейін қараймыз деді. Күні кеше қосымша өтемақы берілетінін естідік", - дейді Опра.
Юлия да өтемақының "бірінші кезекте қажетті заттарға" жетпейтінін айтып отыр.
"Мысалы, 360 мың теңгені алдық. Тамақ пен киімге жұмсадық, ақшаның қалай кеткенін де білмей қалдық. Себебі суға кеткен үйден ештеңе алмадық. Бәрін сатып алу керек. Екінші өтемақы да көп нәрсеге жетпейтін сияқты", - деп атап өтті ол.
Юлия төрт баласын жалғыз өзі асырап отыр. Су тасқынынан кейін жаңа баспана аламын деп үміттенеді.
Мүліктің шығыны қалай өтеледі
23 сәуірде өткен үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов бірінші кезекте қажетті заттарға арналған қосымша көмек жайында ғана айтты. 550 мың теңге зардап шеккен барлық адамға беріледі. Ал президент Тоқаев бүгін бір реттік көмектен бөлек тағы өтемақы берілетінін мәлімдеді.
"Шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі. Мемлекет бүлінген баспаналарды жөндейді, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салады", - деді Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясында.
Мемлекет басшысы барлық жұмысты жаз бен күздің 5 айында аяқтауға тапсырма берді.
Алдағы уақытта мүлікті сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары да қолға алынады. Сонда дамыған елдердегі сияқты алапат апаттан келген шығынның басым бөлігін үкімет емес, сақтандыру компаниялары төлейді.
Су тасқынынан зардап шеккен адамдардың кредит төлеу мерзімі үш айға шегеріледі. Сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты төлем уақытын өткізіп алған борышкерлерге айыппұл және өсімпұл салынбайды.