АСТАНА, 24 сәуір – Sputnik. Көкшетауда "Eolus" қаржы пирамидасын құрған екі қала тұрғынына қатысты үкім шықты, деп хабарлады Ақмола облысының прокуратурасы.
Олар жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция саламыз деген сылтаумен жеке тұлғалардан ақша тарту мақсатында "Eolus" қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны анықталды.
"Салымшылардың қаражаты криптовалютаға аударылып, "energyeolus.info" платформасына аударылды. Залал сомасы шамамен 10 млн теңгені құрады", - делінген хабарламада.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін, мүліктің жасалған қылмыс нәтижесінде пайда болғанын дәлелдеген.
Сот үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, тиісінше 4 жыл және 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олардың мүлкі тәркіленеді, 3 жыл мерзімге азаматтардың қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.