АСТАНА, 23 сәуір – Sputnik. Қазақстанда жұмыс берушілер өндірістік жарақат алу жағдайларын жасырып, жұмысшылардың еңбек құқықтарын жиі бұзады. Оны еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де растап отыр. Былтыр өндірістік жарақаттардың саны аз болған жоқ. Ал адам өлімі 22 процентке өсті. Ондайда бәрін заң бойынша рәсімдеген жөн. Сонда өтемақы және тағы басқа төлемдерді алуға мүмкіндік болады. Sputnik Қазақстан өндірістік жарақаттарға қатысты заңның негізгі талаптарын ұсынады.
Өндірістік жарақатқа жататын жағдайлар
Еңбек кодексіне сәйкес, өндірістік жарақат – бұл жұмыскердің еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, оның еңбекке қабілеттіліктен айырылуына әкеп соққан денсаулығының зақымдануы. Жазатайым оқиғаларға жататын жағдайлар:
жұмыс орнында және жұмыс уақытында алған жарақат;
жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша бара жатқан жолда, сондай-ақ еңбек міндеттерін орындау кезінде іссапарда жарақат алу;
жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың мүддесі үшін өз бастамасы бойынша әрекеттер жасау кезінде денсаулыққа келген зиян;
Қызмет бабында жеке көлік құралын пайдаланатын жұмысшылар да жарақат алған жағдайда өтемақы алуға құқылы.
Жазатайым оқиға есепке алынбауы мүмкін
Заң бойынша жазатайым оқиға ретінде есепке алынбайтын жағдайлар да бар.
Олар:
функционалдық міндеттерге кірмейтін жұмыстарды орындау кезінде денсаулыққа келген зиян;
жұмысты өз бастамасы бойынша орындау барысында жарақат алу;
вахталық әдіспен жұмыс істеу кезінде ауысымаралық демалыстағы жарақат;
тынығу мен тамақтануға арналған үзіліс кезінде жарақат алу;
алкогольдік масаң күйде, сондай-ақ уытқұмарлық және есірткі заттарын пайдалану салдарынан болған жарақат;
өз денсаулығына әдейі зиян келтіру;
өндірістік факторлардың әсерімен байланысты емес кенеттен денсаулықтың нашарлауы;
Бірақ жұмыс уақыты басталар алдында немесе аяқталғаннан кейін жұмыс орнын, өндіріс құрал-жабдықтарын, жеке қорғаныш құралдарын дайындау және ретке келтіру және басқа да әрекеттер кезіндегі жарақат жазатайым оқиға болып саналады.
Жазатайым оқиға қалай рәсімделеді
Жұмыс беруші бір күннің ішінде жазатайым оқиға жайында еңбек инспекциясына хабарлауға міндетті. Оқиға орнына келген жедел жәрдем мамандары да өндірістік жарақат алу туралы хабар беруі тиіс.
Еңбек кодексінің 187-бабына сәйкес, жазатайым оқиғаны тергеу міндеті жұмыс берушіге жүктелген. Ол үшін арнайы комиссия құрылады. Жұмыс беруші өз қаржысының есебінен барлық шығынды да төлейді. Олар:
техникалық есептеулер;
зертханалық зерттеулер;
сарапшылардың жұмысы;
уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы;
Өндірістік жарақат кезінде арнайы акт рәсімделеді. Ал медициналық тексерістің нәтижесі бойынша зардап шеккен адамның жарақат алу дәрежесі анықталады.
"Өндірістік жарақат алған жағдайда еңбек басқармасына тездетіп арыз жазу керек. Соның негізінде тексеріс басталады. Еңбек инспекциясы даулы мәселелерді шешіп, жұмысшылардың құқығын қорғайды. Иә, еңбек шарты болмаса, жұмыс берушіні жауапқа тарту қиын. Дегенмен сот арқылы бәрін дәлелдеуге болады", - дейді мамандар.
Еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдер ұзақ беріле ме
Заң бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік төлемдер еңбекке қабілеттілік қалпына келген күнге дейін төленеді. Ал мүгедектік болса, мемлекеттік жәрдемақы рәсімделген уақытқа дейін берілуі шарт.
Жұмыс берушілер әлеуметтік жәрдемақыға қосымша төлемдер жасай алады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да еңбекке жарамсыздық бойынша төлем алуға мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін соңғы екі жылда қорға аударылған жарналар болуы шарт.
Қордан берілетін төлемнің мөлшері қандай
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке жарамсыздық бойынша берілетін төлемдердің нақты формуласы бар. Арнайы коэффициенттер де қарастырылған.
Олар:
Кірісті ауыстыру коэффициенті;
Жалпы еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициенті;
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу коэффициенті;
Заңда кірісті ауыстыру коэффицентінің нақты мөлшері белгіленген. Ол – 0,6. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициенті денсаулық жағдайына қарай анықталады.
Адам еңбекке неғұрлым жарамсыз болса, коэффициент соғұрлым жоғары болады. Ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу коэффициенті қорға аударылған төлемдермен есептеледі. Жалақыдан ұсталған ақша ай сайын жиі және тұрақты түрде аударылса, коэффициенттің мөлшері де көп болады.
Мысалы, адам ауырып қалып, 30 процентке еңбекке қабілетсіз болып қалды дейік. Соңғы екі жылда алған орташа айлығы – 160 мың теңге. Осы сомадан алдымен ең төменгі жалақының 55 процентін алып тастайды. Биыл осы көрсеткіш 60 000 теңгеге дейін көтерілген. Ал 55 проценті 33 мың теңге болады. 160 000 – 33 000 = 127 000 теңге. Енді, оны кірісті ауыстыру коэффициентіне көбейтеміз. 127 000 * 0,6 = 76 200 теңге.
Медициналық тексеріс бойынша еңбекке қабілетсіздік деңгейі 30 процент болса, 0,3 коэффицент болады. 76 200 * 0,3 = 22 860 теңге. Жалақыдан ұсталған әлеуметтік аударымдар қорға екі жыл бойы тұрақты тұрде жасалса, сақтандыру жүйесіне қатысу коэффиценті 0,85 болады. 22 860 * 0,85 = 19 431 теңге. Міне, бұл – соңғы сома.
Адам 30 процентке еңбекке қабілетсіз болып қалса, әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайын 19 431 теңге алып тұрады. Бұл сома еңбекке қабілетсіздік деңгейіне қарай төмен немесе жоғары болуы мүмкін.