Орал қаласы маңындағы елді мекендерді қорғау жұмыстары жалғасып жатыр

Sputnik
АСТАНА, 23 сәуір – Sputnik. Орал қаласынан төмен орналасқан елді мекендерді қорғау жұмыстары жалғасуда, деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов брифингте.
Оның айтуынша, өңір бойынша қауіп әлі сейілген жоқ. Қауіпті аймақта Орал қаласы мен Жайық өзенінің бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек және Теректі аудандары қалып отыр. Бұл аудандарда 84 елді мекен бар және қаланы есептемегенде 80 мыңнан астам халық тұрады.

"Сәуір айында басталған Жайық бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмыстары жалғасуда. Ұзындығы 142 км бөгет салынды, 1,2 млн қапшық төселді, бұл жұмыстарға 1388 инженерлік техника жұмылдырылған, соның ішінде 913 техника өзге өңірлерден жолданған. Бұл жұмыстарға жеті мыңнан астам облыс халқы мен жергілікті атқарушы органның қызметшілерімен қатар 3,5 мыңға жуық әскери қызметші тартылған", - деді спикер.

Толық көлемде үлкен су өңір аумағына, соның ішінде Январцево гидрологиялық бекетіне 17 сәуірде келе бастады. Қазіргі уақытта Орал қаласының гидробекетінде Жайық өзенінінің су деңгейі осыдан бірнеше сағат бұрын 865 см құраса, қазір 2 см төмендеген.
Жайық өзенінің бойында 473 км қорғаныс бөгеті салынды