АСТАНА, 23 сәуір – Sputnik. Былтыр Қазақстанда 388,4 мың сәби дүниеге келді, оның 51,6% – ұл, 48,4% – қыз. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
230,3 мың бала немесе 59% қалалық жерде туса, қалған 158 мың бала, яғни 41% – ауылдық жерде дүниеге келген.
"2023 жылы туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 19,52 құрады, 2022 жылы ол 1000 адамға шаққанда 20,57 болған", - деп жазылған хабарламада.
Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында (1000 тұрғынға 26,74 адам), Түркістан облысында (1000 тұрғынға 26,18 адам) және Шымкент қаласында (1000 тұрғынға 25,70 адам) байқалды.
Бала туудың негізгі үлесі 25-29 аралығындағы әйелдерге тиесілі – 29%, 30-34 жас аралығындағыларда – 26%. 20 жасқа дейінгі әйелдер өткен жылы 12,6 мың бала, 50 жастан асқандар 96 баланы дүниеге алып келген. Бұл ретте ананың орташа жасы 2023 жылы 29,7 жасты құрады.
Былтыр 4 075 егіз дүниеге келді (2022 жылы – 4 063), үшем – 48 (2022 жылы – 50), төртем – 1.