Қазақстанға жеткізілген қызанақ тұқымдарынан қауіпті вирус табылды

Мамандар көрші елден жеткізілген барлық өнімді арнайы пеште жағып жіберді
Sputnik
АСТАНА, 21 сәуір – Sputnik. Астанада қызанақ тұқымдарынан қауіпті вирус табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Карантиндік бақылау барысында Ресейден қызанақ тұқымдарынан қоңыр қатпарлы вирус анықталды. Инспекторлар 2 700 дана пакетті тәркілеп, бәрін арнайы пеште өртеп жіберді.
"Қызанақтың қоңыр қатпарлы вирусы (тобамовирус, ToBRFV) тұқымдарда сақталады және байланыс арқылы оңай таралады. Бұл вирустың адам денсаулығына зияны жоқ, алайда Solanaceae тұқымдас барлық дақылды зақымдайтын қауіпті патоген. Вирус жаппай таралған жағдайда өнімді 80%-ға дейін жоюы мүмкін", - дейді мамандар.
Аталған факті бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 400-бабы бойынша іс қозғалды. Өнім иесіне 103 376 теңге айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, Кения елінен әкелінген 1320 дана раушан, хризантема және гипсофила гүлдері жойылды. Бұл өнімнен батыс гүл трипсі табылды. Тауар иесіне 251 056 теңге айыппұл салынды.
"Бұл зиянкес 250-ден астам өсімдік түрін зақымдайды. Оның ішінде жеміс-жидектер мен көкөністер және гүлдер бар. Зиянкес өсімдіктік жасуша шырындарымен қоректенеді, жаппай таралған кезде өсімдіктің солуына және өлуіне әкеліп соқтырады. Адам денсаулығына қаупі жоқ", - деп түйіндеді инспекторлар.