АСТАНА, 22 сәуір – Sputnik. Тасқын судан құрлықтан ажыраған ауылдардың тұрғындарына көмектесу үшін Қазақстанға үш дрон жеткізілді.
"Жағдайды анықтап, біз көмектесе алатын барлық әдістерді қарастырдық. Қазақстанға Америкадан ARC Drones үш дронын жеткізу осындай шешімдердің бірі болды. Бұл дрондар гуманитарлық көмекті жеткізуге көмектеседі", - деді цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.
ARC Drones компаниясының өкілдері қазір Атырауда және төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен бірге азық-түлікті, дәрі-дәрмек пен басқа да өмірлік қажетті заттарды ең шалғай және жету қиын жерлерге жедел жеткізу жұмыстарын жүргізуге дайын.
ARC Drones – қазақстандық Әлібек Ертай мен Әсел Тұрсынмен бірге негізін қалаған америкалық стартап. Олардың дрондары 10 километр радиуста, салмағы 30-40 келіге дейінгі жүкті жеткізе алады. Олар күніне 100-ге дейін осындай рейсті орындай алады.
"Осы дрондарды пайдалану арқылы біз құтқарушылар мен еріктілер үшін қауіпті барынша азайтқымыз келеді. Тағы бір маңызды мәселе - дрондарды талдау жүргізуге арналған су сынамаларын жинауда пайдалану. Дрондапды шұғыл жағдайда қолдануға қжеттілік болмай, жақын арада елімізде су тасқыны жағдайы қалыпқа келеді деп үміттенемін", - деп түйіндеді министр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазір Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі уақытта 32 елді мекенге көлік қатынай алмай отыр және қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілуде.
Суретте осындай ауылдардың бірі көрсетілген.