Мемлекеттік қызметшілер мен өтелмеген қарызы барлар құмар ойын ойнай алмайды – заң жобасы

Танымал блогерлерге құмар ойындарын жарнамалауға тыйым салынады
Sputnik
АСТАНА, 22 сәуір – Sputnik. Парламент мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев лудоманиямен күреске бағытталған заң жобасының негізгі нормаларына тоқталды.
Бірінші, заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған.
"Үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көліктерде сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарда, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың SMS-хабарламаларында да жарнамаға толық тыйым салынады. Белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады", - деді Бейсенбаев мәжілістің жалпы отырысында.
Жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі.
Екінші – ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
Үшінші – өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салынады.
Төртінші – ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі.
"Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады", - деді депутат.
Бесінші – заңсыз онлайн казино ұйымдастыратындарға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, 2 000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Алтыншы – заңсыз лотоматиктер мүлдем жойылады.
"Сондай-ақ, балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады", - деді халық қалаулысы.
Жетінші – шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделіп отыр.
Сегізінші – букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар өз аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялауға міндеттеледі.
Сондай-ақ, Ұлттық банктің, қаржылық мониторинг агенттігінің, әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы құмар ойын ойнайтындардың тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау және әскери қызметкерлерге бәс тігуге тыйым салынады. Осылайша шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектелмек.
Сонымен қатар өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған. Яғни eGov mobile қосымшасы арқылы шектей алады. Бұл шектеуді қайтып қалпына келтіре алмайсыз, - деп атап өтті Бейсенбаев.
Заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өткізу міндеттілігі; ойын бизнесі ұйымдастырушыларының үшінші тұлғалардың банк карточкаларына төлем қабылдауына шектеу қою мәселесі қарастырылған.
Депутаттың ақпаратынша, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. Ал, оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған.
Бұған қоса ойын нарығы айналасында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен.