"Google-аудармашы арқылы сөйлестік": құтқарушылар шетелдік велошабандозға көмектесті

Құтқарушы кезекшілікте отырғанда шетелдік саяхатшының көпірден өте алмай тұрғаны туралы ақпарат түсті
Sputnik
АСТАНА, 22 сәуір – Sputnik. Петропавл қаласында құтқарушылар халықаралық турға шыққан шетелдік велошабандозға көмектесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Франция азаматы Сильва 40 жасқа толуына орай жалғыз өзі велосипедпен халықаралық турға шыққан. Мәскеуден Петропавлға дейін келді. Бірақ су тасқынына тап болды. Подгара деген шағын ауданда көпірден ары қарай аса алмады. Сол кезде көмекке құтқарушылар келді. Осы оқиғаның видеосы желіде тарап кетті.
1 мамандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Азат Саматовтың айтуынша, бұл оқиға кеше, 21 сәуірде болған. Құтқарушы кезекшілікте отырғанда шетелдік саяхатшының көпірден өте алмай тұрғаны туралы ақпарат түсті. Сол кезде Азат көмекке қайықпен өз әріптестерін жіберді.
"Біздің жігіттер оны алдымен қайықпен КамАЗ-ға, одан кейін көлікпен құрғақ жерге жеткізді. Ол кісі француз тілінде сөйлейді, орысша көп білмейді екен. Google-аудармашы арқылы сөйлесуге тура келді. Атын сұрап алдық, өз тамағымызды ұсындық. Ол қуана келісті, қарны қатты ашып қалған сияқты. Сосын қонақ үйге баратын жолды көрсетіп бердік", - деді Саматов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сильва Петропавлдан Омбыға, одан ары қарай Женеваға аттанбақ. Сол жақта халықаралық туры аяқталады.