Білім

Су тасқынынан зардап шеккен тағы бір облыста оқушылар ТЖБ мен БЖБ тапсырмайды

Бұған дейін Ақтөбе мен Атырау облыстарында ТЖБ мен БЖБ өткізбеу туралы шешім қабылданған
Sputnik
АСТАНА, 21 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің оқушылары ТЖБ мен БЖБ тапсырмайды. Бұл туралы брифингте оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы мәлімдеді.
Ол зардап шеккен өңірлердегі балалар үшін емтихан тапсыру мерзімдері қайта қаралғанын атап өтті. Бұған дейін Ақтөбе мен Атырау облыстарында ТЖБ мен БЖБ өткізілмейтіні хабарланған болатын.
"Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының зардап шеккен елді мекендерінде тұратын балалар үшін де ТЖБ мен БЖБ алып тастау туралы шешім қабылданды. Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында шешім жағдайға қарай қабылданады", - деді ол.
Айтуынша, бүгінде 4 мыңға жуық бала ата-аналарымен бірге эвакуациялық пунктерге жайғастырылды. Соның ішінде 600-ге жуық оқушы сауықтыру орталықтарына, 2 мыңға жуық бала колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларына, 600-ге жуық бала республикалық маңыздағы инновациялық мектеп-лицей жатақханаларына орналастырылды.
Резерв ретінде балалар мен олардың ата-аналары үшін қосымша 7094 орын әзірленді. Оқушылар қажетті оқу құралдарымен, тамақ және киіммен қамтамасыз етілді. Қазақстан темір жолымен бірге балаларды сауықтыру орталықтарына тегін тасымалдау ұйымдастырылды.
Тасқыннан қатты зардап шеккен өңірлердегі оқушылар емтихандар мен сынақтардан босатылды