АСТАНА, 20 сәуір – Sputnik. Батыс Қазақстан облысына 14 аймақтан қосымша күштер келді. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыста су тасқыны бойынша ауыр жағдай сақталып отыр. Еріген қардың суынан қауіп жоқ. Дегенмен Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп келеді. Соңғы бір тәуліктің ішінде 34 сантиметрге өсті.
"Жайық өзенінің деңгейі 8 метр 24 сантиметрге жетті. Ал қауіпті деңгейге аз-ақ қалды, оның көрсеткіші – 8 метр 50 сантиметр. Біз қауіпті шекке жеттік. Сол себепті облыс бойынша өзен арнасын күшейту, бөгеттерді жасау, құм салынған қаптарды дайындау бойынша шұғыл шаралар атқарылып жатыр", - деді Төлеуіш.
Қазіргі кезде облыс бойынша су тасқынына қарсы шараларға 10,5 мың адам, 1,8 мың техника және 200-ден астам су айдайтын құралдар, 4 әуе кемесі тартылды.
"Оралда және төрт ауданда су басу қаупі сақталып отыр", - деп атап өтті Төлеуіш.
Батыс Қазақстанда не болып жатыр
Қазіргі болжамға сәйкес, 24-25 сәуірде Шаған өзенінің деңгейі шекті көрсеткішке жетеді.
Облыста тоғыз ауданда жолды су басты. Соңғы бір тәуліктің ішінде тағы 38 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Ал жатақханаларда эвакуациялық пункттер ашылды.
Су тасқыны басталғалы бері 13,7 мың эвакуацияланды. Қазіргі кезде 2 300 адам эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр, қалғаны туған-туыстардың үйіне барды.
Осы айдың басында Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланған болатын.