АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты, деп хбарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы қазақ-қырғыз қатынастары стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқанын атап өтті.
"Біз одақтастық байланысты нығайтуды қолға алдық. Бүгін біз тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан біз бұл келісімге үлкен үміт артып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті", – деді Тоқаев.
Қырғызстан президенті сан алуан бағыт бойынша серіктестікті одан әрі нығайту маңызды екенін жеткізді
"Қырғызстан Қазақстанмен екіжақты байланыстарды тереңдетуге бағытталған сыртқы саясат жүргізіп отыр. Бір-бірімізді қолдап, келешекті ойлап, барлық мәселені бірлесіп шешкен дұрыс деп санаймын", – деді Садыр Жапаров.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қатынастарды мүлде жаңа деңгейге көтеруге өзара ниетті екенін айтты.
Сонымен қатар жиын барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.